"Бизнеске қойылатын үш талаптың екеуін қысқартуға болады"

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
14946

Тимур Құлыбаев "Атамекеннің" 2017 жылғы жұмыс жоспары туралы әңгімелеп берді.

"Бизнеске қойылатын үш талаптың екеуін қысқартуға болады" Фото: Мария Матвиенко

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының (КҰП) төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Астана кәсіпкерлерінің жылсайынғы конференциясына қатысты. Конференция барысында  өткен жылдың қорытындысы мен биылғы жылдың жоспары талқыланды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын талдау жұмысы атқарылатын болады. Бізде  61 мекеме бақылау мен қадағалау жасайды және  кәсіпкерлерге қойылатын 28 мың бақылау-қадағалау талаптары бар. Біз бұл жұмысты бастап кеттік және  олардың  үштен бірін қысқартуға болатынын байқап отырмыз. Алдағы уақытта түрлі мекемелердің бақылау-қадағалау функциялары  көбейіп кетпес үшін  заң тұрғысынан бекітуге ұсыныс жасайтын боламыз", – деді КҰП басшысы.

Оның айтуынша,  бүгінде бизнес өкілдері үкіметтің алдына қойып отырған  мәселелердің түгелге дерлігі қарастырылып, көп жағдайда оң шешіліп жатқан көрінеді.
"2017 жылы  бизнес-қауымдастықтар мен аймақтар арасында қарым-қатынас деңгейін жоғарлатуды қолға алуға тиіспіз.  Бүгін  аймақтармен, аймақтардың басшыларымен  жұмыс кездесуін алдымен Астанадан бастап отырмыз. Неліктен Астанадан? Өйткені  қала соңғы  жылда бизнес үшін  мүмкіндіктер тұрғысынан жанданып келеді.  Бүгінде мұнда жұмысқа қабілетті халықтың 63%-ы шағын және орта бизнеспен айналысады,  Астана 1 трлн теңге салық төлеп отыр, яғни ол еліміздегі екінші ірі  салық төлеушіге айналды. Бұл нені білдіреді? Бұл  осында бизнес үшін жағдай жасалып отырғанын, жағымды өсім бар екенін білдіреді", – деді ол.
Елорда әкімдігі жасаған жол картасындағы  27 мәселенің 25-і шешімін тауып үлгерген.
"Мәселенің барлығы дерлік күн тәртібінен түсіп жатыр.  Астананы дамытудың   пысықталған бас жоспары бар екенін айғақтайтын жақсы тәжірибе деуге болады. Әрбір учаскенің өз бағыты және мақсаты бар, сондықтан кәсіпкерлер онда немен айналысуға болатынын біледі", – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

Сонымен қатар қалада көше саудасының қалай жүргізілетіндігі айқындалған, әрі бұл тәжірибені еліміздің өзге өңірлерінде қолдануға болады.

"Көше саудасына 1 мың сауда орны белгіленді. 7 жылға дейін жалдау мерзімі кәсіпкердің оны жалға алып,  инвестиция жасауына мүмкіндік береді. Қала билігі тек  оның сәулет жағынан  орналасқан ауданының безендірілу талабына сәйкес келгенін қалайды. Мен мұны әділдік деп ойлаймын.  Осы оң тәжірибені барлық облыс орталықтарында пайдалануға тиіспіз, – деді ол. –  Астанадағы индустриялдық аймақ та қарқынды жұмыс істеп жатқанын айта аламын.  Бүгін жылумен қамту мәселесі көтерілді.  Меніңше, оны шешу қажет,  аумақтың 90%-дан астамы толды,  көптеген өнім шығарылып жатыр, жұмыспен де қамтылған. Сондықтан  Астана бәріне үлгі болады.  Біз мұнда іске асқан тәжірибенің ең жақсысын таңдаймыз және өзге аймақтарда дамыту үшін ұсынатын боламыз".

Қазіргі таңда КҰП бас прокуратурамен, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюромен, басқа да министрліктермен және  бизнестің құқы мен заңды мүдделерін қорғайтын мекемелермен  сындарлы жұмыс жүргізіп отыр.
"Бұл жағында жағымды нәтиже және жағымды өзгеріс бар.  Біз өзімізден көмек сұраған адамдарға қол ұшын созумен қатар,  заңды жетілдірумен де жұмыс жүргіземіз. Рұқсат ету туралы заң қабылданғанынан хабардарсыздар. Барлық рұқсат құжаттары мен лицензиялар 3 есеге қысқартылды.  Енді  жаңадан рұқсат  құжатын, лицензия енгізгісі келетін кез келген шенеунік  бизнес-қауымдастықпе, үкіметпен, депутаттық корпуспен келісім жасауға тиіс.  Меніңше, олардың өкілеттігін кеңейтпес үшін жақсы фильтр пайда болды", – деді Құлыбаев мырза.

Биыл Қылмыстық кодексті ізгілендіру жұмысы одан әрі жалғасады.

"Бизнес жалған кәсіпкерлік мәселесін талайдан бері көтеріп келе жатқанын білесіздер. Біз бұл мәселені шешу үшін барлық мемлекеттік органдармен жұмыс істеп жатырмыз. Ол қазірдің өзінде кәсіпкерлер үшін  аз да болса оң шешімін тапты. Ол бап Қылмыстық кодекстің түрлі баптарында да қарастырылған, оны біз Ресейдің ізін ала қабылдаған болатынбыз. Ресей болса оны  2011 жылы алып тастады, ал біз әлі күнге дейін қолданып келеміз.  Ол да шешімін табады деп сенемін", – деп атап өтті ол.

Салықтық әкімшілік етуді жетілдіру тағы бір мәселе  болып отыр. Айтпағымыз –  бизнес пен қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті арасындағы салықтық даулар. Бұл мәселе осыған дейін  МКД-де шешіліп келгендіктен,  мұндай шешімдердің бейтараптығына көлеңке түсіретін. Енді онымен қаржы министрлігі жанындағы  салықтық апелляциялық  комиссия айналысатын болады.

"Былтыр бюджет қиындықтарға тап болып, салықшылар салықты белсене жинауға кірісті. 1 трлн теңге салық артық жиналғанын білесіздер. Бизнес-қауымдастыққа үлкен қыспақ жасалды.  Мемлекет басшысы Салық кодексін қарап,  оған әкімшілік етуді жеңілдету жөніндегі тапсырмасы  мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттері ұғынықты болу үшін берілген деп ойлаймын.  Олар мемлекет пен бюджеттің заңды мүддесін қорғай отырып,  аталған процестің ашықтығы мен кәсіпкерлердің қорғалуын арттыруға тиіс, – деді Тимур Құлыбаев. – Бұл бағытта не атқардық? Үкіметпен келісе отырып, қаржы министрлігінде кәсіпкерлерге салық органдарының талап арыздарын сотқа дейін қарастыратын комиссия құрылатын болады.  Бұл бұған дейін қалай болды және қалай болып отыр?  Салықшылар келеді де, салықты асыра сілтеп жазып бере салады. Содан соң сотқа жүгіру керек, ол қанша уақыт пен күш кетеді. Ол кәсіпкерлердің  өмірін қиындатпай қоймайды. Қазір қаржы министрлігі жанынан құрылған комиссия аясында ол жұмыстың қалай жүріп жатқанын байқайтын боламыз. Біз бұл тәжірибені жинақтап, қалай жұмыс істеуге болатынын байқаймыз.

Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа Салық кодексін әзірлеу жұмысын өз жалғасын табады.


"Біз "Атамекен" ұлттық палатасында жұмыс тобын құрып, сарапшыларды шақырдық та,  Салық кодексіне әкімшілік етуді жақсарту, оны жеңілдетіп, кәсіпкерлер үшін  түсінікті әрі оңтайлы  болу үшін жұмыс жасап жатырыз. Осы жерде отырған бизнес-қауымдастықтар, кәсіпкерлер, егер  Салық кодексінің жұмысын жақсарту жөнінде ұсыныстарыңыз болса, аймақтық палатаға, "Атамекен" ұлттық палатасына ұсыныңыздар.  Біз ұсыныстарыңыздың барлығын қарастырамыз", – деп уәде етті ол кәсіпкерлерге.

Тағы бір мәселе мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторға қатысты болды.

"Астанада бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр, отандық тауар өндірушілерге қолдау бар.  Астана қаласындағы отандық тауар өндірушілердің тізімі жасалған,  тек әкімдікке қарасты құрылымдарда ғана емес, сондай-ақ барлық ірі ұлттық компаниялар Астанада орналасқандықтан, ұлттық компаниялардағы сатып алуға әрдайым мониторинг жасалады.  Ол жұмысты барлығымыз бірлесе жүргізуге тиіспіз. Жұмысымыздың мақсаты – ұзақмерзімдік келісімшартқа көшу", – деді Құлыбаев мырза.

Ұзақмерзімдік келісімшартқа көшу  отандық тауар өндірушілердің өндірісін жаңғыртуға мүмкіндік бермек.

"Оған жақсы мысал –  қорғаныс министрлігі  әскерилер үшін киім-кешек жеткізуге отандық өндірушілермен бесжылдық келісімшартқа отырды. 45 млрд, яғни өте ірі келісімшарт деуге болады.  Осындай келісімшарт аясында жаңғырту, өндірісті жерсіндіруді талап  етуге болады және ол жұмысты биылғы жылы жолға қоятынымызға сенімдімін.  Бұл ең алдымен  ұлттық компаниялармен жасалатын жұмысқа қатысы бар. Ұзақмерзімдік келісімшарт өндірістік жерсіндіру үшін қолайлы тетіктердің бірі деп ойлаймын", – деді ол.

Құлыбаев мырза ұзақмерзімдік келісімшартты қолдану  экономиканың  мұнай емес секторын дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мәселенің тағы келелісі – жекешелендіру.  Бизнес қала билігінен тартымды активтерді саудаға шығаруды сұрап отыр.

"Бүгінгі таңға дейін, өкінішке қарай,  бизнеске тартымды емес активтер саудаға қойылып  келді. Әкімдікке коммуналдық кәсіпорындардың қарамағында  нелер бар,  бизнеске қызықты, саудаға, басқаруға беруге болатын ненің бары жөнінде тапсырма берілді.  Әсіресе, медициналық мекемелерге қатысты.  Меніңше екісатылы схема:  басқару және болашақта сатып алу дұрысырақ. Өйткені,  жаңа меншік иесі әлеуметтік нысандарды басқара алатынын, оған біліктілігі жететіндігін, ірі медициналық мекемені басқару үшін қаржылық жағдайы барын білуіміз керек", – деді ол.

Осыған байланысты тек Астанада ғана емес, сондай-ақ жалпы  үкіметпен бірлесе отырып КҰП жекешелендіруге жататын нысандардың түпкілікті тізімін жасауға тиіс.

"Қазірдің өзінде жекешелендіруге жататын компаниялардың алдын ала тізімі жасалып қойды.  Ендігі жерде мемлекеттің үлесін 15%-ға жеткізу жөнінде айқын тапсырма бар болған соң, мемлекет қолында  осы 15% шеңберінде ненің қалуы керегін білуіміз қажет. Ол қандай активтер? Үкімет бізге осының түпкілікті тізімін беруге тиіс. Оңай жұмыс емес, алайда ол мемлекет басшысының бақылауында болғандықтан, үкіметпен бірлесе отырып  ол жұмысты жүргіземіз деп ойлаймын", – деп түйді Тимур Құлыбаев.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу