Мемлекеттік орган басшысы өзі құрған жұмыс тобына төрағалық ете алмайды

871

Қоғамдық кеңестердің құрамы тікелей дауыс беру арқылы жасақталмақ.

Мемлекеттік орган басшысы өзі құрған жұмыс тобына төрағалық ете алмайды

Мемлекеттік органдардыңжанынан құрылатын жұмыс топтары мен қоғамдық кеңестердің жұмысын демократияландыру үшін тиісті заңға бірнеше түзету енгізілмек. Соның бірі Мемлекеттік орган жанынан құрылатын жұмыс топтарының төрағасын белгілеу тәртібін өзгертуді көздейді.

Бұған дейін ондай орынға автоматты түрде жұмыс тобын құрушы мемлекеттік органның басшылары тағайындалатын. Осының салдарынан ел ішінде жұмыс тобының обьективті шешім шығаратынына сенім аз болып келді. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов заңға енгізілетін түзету осы кемшілікті жояды деп отыр. 

"Өкінішке қарай, шынымен де қоғамдық кеңес мүшелерін қабылдау кезінде жергілікті мәслихат хатшысының даусы шешуші рөл атқарған тәжірибелер болды. Бірақ мен оны жалпыландырмас едім. Қазір заңға енгізіліп жатқан түзетулердің барлығы осындай кемшіліктерді ескере отырып жасалған. Қоғамдық кеңес құрамын қалыптастыру туралы заңда нақты жазылған. Қоғамдық кеңестердің құрамы кем дегенде 70 пайыз азаматтық қоғам өкілдерінен тұруы керек. Ал мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор нысанының өкілдері 30 пайыздан аспауы керек. Яғни, азаматтық қоғам өкілдерінің санына шектеу болмайды Мысалы, біздің министрлікте қоғамдық кеңестің 99 пайызы азаматтық қоғам өкілдерінен құралған", - деген спикер қоғамдық кеңестердің жергілікті әкімдер мен министрлерден азат болуы үшін бірнеше түзету ұсынылғанын айтты. 

"Бірінші кезекте, қоғамдық кеңесті жұмыс тобы түзеді. Енді осы жұмыс тобының басшысы азаматтық қоғам өкілдерінің арасынан сайланады. Бұған дейін бұл орынға жұмыс тобын құрушы мемлекеттік органның басшысы жайғасатын. Бұл тұрғыдан алғанда, жұмыс тобының басшысы шешуші дауысқа ие бола отырып, қоғамдық кеңесті құрамын тиімді етіп жасақтауға мүмкіндік алады. Жұмыс тобының өзі сайлау арқылы құрылады. Қоғамдық кеңестің құрамын жасақтауда мемлекеттік органдардың ықпалын болдырмау үшін дауысқа салу тетігін енгізіп отырмыз. Яғни жұмыс тобы азаматтық қоғам өкілдерінің арасынан сайланады. Сайланған жұмыс тобы өз төрағасын тікелей дауыс беру арқылы өзі сайлайды", - деді ол. 
 
Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу