Биылғы Рамазан айының ерекшеліктері

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы төтенше жағдайға байланысты енгізілген өзгерістерді түсіндірді.  

Биылғы Рамазан айының ерекшеліктері

Елімізде қасиетті Рамазан айы 24 сәуір күні басталады. Биыл төтенше жағдайға байланысты пітір садақа беру, тарауық намазын оқу, ауызашар ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.

"Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, мұсылманның ниеті амалынан қайырлы. Онлайн режимде насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады. Атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы қасиетті рамазанда жамағаттың игілігі үшін мынандай жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының www.muftyat.kz сайтынан "Рамазан энциклопедиясы" қосымша парақшасы қосылып отыр. Елміздегі облыс орталықтары мен аудан, қалалардың, кенттердің Рамазан кестесі қазақ және орыс тілдерінде www.muftyat.kz сайтына орналастырылды", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен қатар Бас мүфтидің айтуынша, "Хикмет ТВ" студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имамдар мен ұстаздардың "Отыз күнге – отыз уағыз" атты онлайн дәрістері жүргізіледі.

"Хикмет ТВ" студиясы арқылы Рамазан айында күн сайын Республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің қабырғасында күніне бір сағат арнайы онлайн-хатым оқылып, қасиетті Қадыр түнінде Құран Хатым дұғасы жасалады", – деді ҚМДБ төрағасы.

Muslim.kz инстаграм парақшасы арқылы күнделікті әр 15 минут сайын онлайн режимде дұға жасалады.

"Muslim.kz истаграм парақшасы арқылы имамдармен бір толқында дұға жасауға ниеттелген жамағаттың игілігі үшін Рамазан айының бірінші күнінен бастап, күнделікті әр 15 минут сайын Республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің қабырғасында "Батамен ел көгерер" атты онлайн шара аясында дұға жасалып, батаға қатысу рәсімі ұйымдастырылады", – деген Бас мүфти биыл алғаш рет пітір садақа мен зекетті ұялы қосымшалар арқылы аударуға болатынын жеткізді.

"Төтенше жағдай кезінде пітір садақасы мен зекетті онлайн режимде берудің оңтайлы жолын да қарастырдық. Садақа – пенденің мал-дәулетін азайтпайды, керісінше, берекесін арттырады. Біз берген садақа бір отбасын қуанышқа бөлейді. Ендеше, көмекке зәру шаңырақты шаттыққа бөлеп, үлкеннің батасын алып, алғысына бөленейік", – деді ол.

ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров қазіргі кезде екінші деңгейлі екі банктің қосымшасы арқылы пітір садақа аударуға болатынын хабарлады.

"Осы айда берілетін пітір садақа мен зекетті Kaspi.kz және Халық банкі, KIWI ұялы қосымшалары арқылы аударуға болады. Қазіргі уақытта басқа да банктермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы белгілі бір банкті жарнамаламайды. Алайда қазіргі төтенше жағдайда үйден шықпай садақа берудің осындай жолын таңдап отырмыз", – деді ол.

Сонымен қатар наиб мүфти төтенше жағдай аяқталғаннан кейін де, бұл жүйені пайдалану жоспарланып отырғанын айтты.  

"Ұялы қосымшалар арқылы садақа аудару жүйесін төтенше жағдайға арнайы жасадық. Кейін де осы қосымшаларды қолдану жоспарда бар. Өйткені біз мешіттердегі қаржы айналымының ашықтығын қалаймыз", – деді Ершат Оңғаров.

Сонымен қатар ҚМДБ төрағасының орынбасары ауыр жұмыс істейтіндер қызметіне байланысты Рамазан айында ауыз бекітуге шамалары жетпесе, оны кейінге қалдыра алатынын ескертті.

"Біреудің өміріне жауапты қызмет иелері ұшқыш, дәрігер, металлург, күрделі нысанда жұмыс істейтін құрылысшы және тағы басқа ауыр қызмет иелерінің ораза ұстауға шамалары жетпесе оны кейінге қалдыра алады. Сонымен қатар елдің қарулы күштері бейбітшілік жағдайынан соғыс жағдайына ауыстырылған кезде ораза тұту әскердің қырағылығы мен жауынгерлік даярлығын әлсіретуге әсер етсе, оразаны тоқтатуға рұқсат етіледі. Оның орына басқа күндері ораза ұстайды", – деді наиб мүфти Ершат Оңғаров.

Брифингтің соңында ҚМДБ төрағасы карантин кезіндегі ең өзекті сұрақтардық бірі – құрамында спирті бар антисептикалық құралдарды қолдану туралы сөз қозғады. Бас мүфти бұл сақтық шарасы оразаны бұзбайтынын мәлімдеді. 

Құралай Құдайберген

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу