Айжан Есмағамбетова коронавируспен күрестің нәтижелерімен бөлісті

4003

Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Атырау облыстарында індеттің өршуі байқалып отыр. 

Айжан Есмағамбетова коронавируспен күрестің нәтижелерімен бөлісті
Карантиндік шектеулердің арқасында Нұр-Сұлтан мен Алматыда COVID-19 инфекциясының таралуы күн сайын тежеліп келеді. Елміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова бұған дейін министр Елжан Біртанов айтқан мәліметті бүгінгі онлайн-брифингте растай түсті. Алайда ауру ошағы елдегі екі ірі мегаполистен өңірлерге қарай ойыса бастаған сияқты. Осыған алаңдаған бас санитар бірнеше облыста қосымша шектеулер енгізу керек деген ой айтты

"Республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі 10-11 пайыздың маңайында. Дей тұрғанмен, кейбір өңірлерде өсім жоғары екеніне назар аударған жөн. Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Атырау облыстарында індеттің өршуі байқалып отыр. Бұл аталған облыстарда бұған дейін қабылданған каранитиндік шектеулерді күшейтіп, қосымша шектеулер енгізу қажеттігін және оны қатаң сақтау керектігін көрсетіп отыр", – деді бас санитар. Оның айтуынша, ел аумағында коронавирусқа шалдыққан 604 науқас тіркелсе, оның 231-і – Нұр-Сұлтан қаласында, 116-сы Алматыда емделіп жатыр. Ал Қарағанды облысында – 48, Қызылорда облысында – 37, Атырау облысында – 29, Түркістан облысында және Жамбыл облыстарында 28 адам коронавирус жұқтырған.

Наурыздың аяғында қызмет бабымен коронавирус жұқтырған дәрігерлерге мемлекет есебінен 2 млн теңге сақтандыру төлемі берілетіні айтылған болатын. Бүгінде 120 дәрігер індет жұқтырса да, әзірге ешқайсына өтемақы төленбеген екен. Айжан Есмағамбетова   бұл мәселеге де тоқталды.

"Бүгінде  дәрігерлер арасында коронавирус жұқтырудың 120 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 67-сі науқастар мен күдіктілерге тікелей медициналық көмек көрсету кезінде індет жұқтырған. Бір медициналық қызметкер ауыр жағдайда жатыр. 9 адамның жағдайы орташа ауыр деңгейде. Қалған 57 адамда аурудың симптомсыз формасы анықталды. Әзірге бұл мамандарға өтемақы төленген жоқ. Тиісті құқықтық-нормативтік акт дайындалуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі шығарған бұйрықтар бойынша  коронавирусты медициналық көмек көрсету кезінде жұқтырғандарға төлем жасалатын болады", – деді ол. 

Коронавиурс жұқтырған 604 қазақстандықтың 45-і бала көрінеді. Әзірге олардың тек төртеуі ғана жазылып шыққан.

"Балалар арасында коронавирус жұқтырған 45 жағдай тіркелді. Олардың бүгінде төртеуі жазылып шықты. Қалған балалардың жағдайы жеңіл дәрежеде деп бағаланып отыр", – деген Айжан Есмағамбетова 1 сәуірден бастап шекара бекеттерінде теміржол мен көлік арқылы кірген жолаушылардың барлығынан тест алынып жатқанын еске салды.

Бұған дейін әуе қатынасына жаппай шектеу қойған Қазақстан билігі шекарадан көлікпен өткен шымкенттік жолаушының індет таратуына байланысты теміржол мен көлік бекеттерінде де бақылауды күшейту туралы шешім қабылдады. 

"Менің қаулым бойынша 1 сәуірден бастап барлық шекара бекеттінде теміржолмен және көлікпен қатынаушылар тиісті тексерулерден өтіп, вирусқа қарсы тест тапсырады. Тест нәтижесі теріс болған жағдайда жолаушылар 14 күндік үй карантиніне жіберіледі. Ал ауру белгілері анықталса, емдеуге оқшауланады", – деді ол онлайн-брифингте. 

Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус науқастарын экспресс-диагностика арқылы анықтау басталды. Бас санитарлық дәрігер тестің мұндай түрімен кімдер қамтылатынын түсіндірді. "Коронавирус инфекциясын анықтаудың негізгі тәсілі – экспресс диагностика болып отыр. Эксперсс диганостика скрининг әдісімен жұмыс істейді. Яғни ағзада антиденелердің бар-жоғы анықталып, ауруды өткеру туралы мәлімет белгілі болады. Бүгінде елімізге 96 мың тест әкелінді. Мұндай тестілеу Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүреді. Орта есеппен тәулігіне 500-ден 1000-ға дейін тест жүргізу жоспарланып отыр. Менің қаулым бойынша экспресс тестілеуге қатысатын тұлғалардың санаттары белгіленді. Бұл – жедел жәрдем қызметінің медициналық мамандары, жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері бар, емханаға жатқызылмаған науқастар,  коронавирус науқастарымен байланыста болған адамдар және Қазақстан аумағына теміржолмен, көлікпен өткендер. Төтенше жағдай режимінде тікелей жұмыс істеп жүген  жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік орган қызметкерлері де осындай диагностикадан өтеді", – деді Айжан Есмағамбетова.

Брифинг барсыныда Айжан Есмағамбетова емханалардың коронавируспен күресте қаншалықты үлгеріп жатқаны туралы айтты.

"Бүгінде медициналық мекемелердегі төсек орындарының 21 пайызы бос емес. Ең көп жүктеме Алматыда. Мұнда төсектердің 43 пайызы бос емес. Атырау облысында жүктеме 35 пайызды құрады. Бүгінде коронавирустен емдеуге және оның алдын алуға 16 мың медицина қызметкері жұмылдырылған. Тағы 10 мың қызметкер резервте тұр.Тағы бір мәселеге назар аударғым келеді. Карантин жағдайында барлық медицина мекемелерінде жоспарлы көмектің көлемі шектелген. Сәйкесінше,  кез келген медициналық мекеменің барлық персоналы коронавирус науқастарына көмектесуге жұмылдырылуы мүмкін", – деді бас санитар онлайн-брифингте. 

 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу