Наурыз айында 17 мың 425 медицина қызметкеріне үстеме ақы тағайындалып, 3 млрд 371 млн теңге көлемінде қаржы төленген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" ҰАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлімдеді.
"Наурыз айында 17 мың 425 медицина қызметкерінің тізімі келіп түсті. Оларға 3 млрд 371 млн теңге үстеме ақы төленді. Қаржы бөлінгендердің басым бөлігі үшінші топтағы мамандар. Яғни 9 мыңға жуық медицина қызметкеріне 846 млн теңге тағайындалды. Ал екінші топтағы 7 мыңнан астам маманға жалпы сомасы 1,8 млрд теңге берілді. Ал қауіптілігі ең жоғары топтағы 1 мың 400-ге жуық қызметкерге 717 млн теңге төленді", – деді Айбатыр Жұмағұлов.
Сонымен қатар қосымша сыйақы емханалар мен жедел жәрдем қызметкерлеріне тағайындалған. Яғни, 2,5 мың емхана қызметкеріне жалпы сомасы 185 млн теңге, 4 мыңға жуық жедел жәрдем қызметкеріне 1, 2 млрд теңге төленді", – деді Айбатыр Жұмағұлов.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы үстеме ақы белгілеу туралы шешім қабылдаған. Оның негізінде індет жұқтыру қаупі бойынша медицина мамандары үш топқа бөлінген: "қауіптілігі аса жоғары", "қауіптілігі жоғары" және "қауіптілігі орташа" топ.
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" ҰАҚ басқарма төрағасы індет жұқтырғандар санының артуына байланысты сәуір айында үстеме ақы алатын медицина мамандарының қатары көбейетінін жеткізді.
"Күннен-күнге стационарларда жатқан науқастар санының артуына байланысты сәуір айында төленетін үстеме ақы мөлшері де өзгереді. Болжамымызға сәйкес оны алатындар қатары екі есе көбеймек. Біздің бағалауымызша, 17 мыңнан – 35-40 мыңға дейін медицина қызметкеріне үстеме ақы тағайындалуы мүмкін", – деді Айбатыр Жұмағұлов.
Сонымен қатар ол наурыз айында үстеме ақының басым бөлігі Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандарға берілгенін айтты.
"Бұл кезеңге негізгі жүктеме Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының мамандарына түсті. Сондықтан төленген 3 млрд 370 млн теңгенің 1,9 млрд теңгесі қос шаһардың медицина қызметкерлеріне тағайындалды", – деді Айбатыр Жұмағұлов.
Ал сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Марат Шоранов наурыз айындағы жағдай бойынша елімізде жалпы саны 249 мың 533 медицина қызметкері барын хабарлады.
"Наурыз айындағы жағдай бойынша елімізде 249 мың 533 медицина қызметкері бар. Оның 71 мың 700-і – дәрігерлер, 170 мыңы – медбикелер. Ал үстемақы үш түрлі стационарда жұмыс істейтін мамандарға берілді. Олар инфекциялық ауруханалар, індет белгілері бар бірақ диагнозы расталмаған науқастар ем қабылдайтын – правизорлық стационарлар және карантиндік стационарлар. Сонымен қатар алғашқы көмек көрсететін мамандар мен жедел жәрдем қызметі бар. Қазіргі кезде 17 мыңнан астам адам үстемақы алды", – деді Марат Шоранов.
Сонымен қатар ол мамандарға үстемақы жұмыс істеген уақытына сай төленетінін атап өтті.
"Стационар бағыты бойынша арнайы жұмыс істеу уақыты белгіленген. Мәселен, инфекциялық аурухана маманы аптасына 36 сағат жұмыс істеуге тиіс. Ал провизорлық орталық қызметкері 30 сағат, карантиндік орталықтардың қызметкеріне 40 сағат белгіленген", – деді басқарма төрағасының орынбасары.
Медицина мамандарына үстеме ақы тағайындау барысында түрлі олқылықтар орын алған. Айбатыр Жұмағұлов сөзінше, оның барлығы комиссия қаруына жіберілген.
"Қор үстемақы тағайындаумен қатар берілген мәліметтердің шынайылығын тексереді. Мамандар тізімін салыстыру бойынша жұмыстар жүргізеді. Бұл ретте бұйрықтан ауытқушылықтар болғаны анықталды. Мамандардың қатерлі тобы дұрыс белгіленбей, айлық көрсеткіштер дұрыс көрсетілмеген жағдайлар кездесті. Клиникалық бөлім қызметкерлеріне үстеме ақы аударылмай, қаржы ақпараттық жүйелерде, науқастарды басқару жүйелерінде жоқ қызметкерлерге бөлінген кездер белгілі болды. Бұл олқылықтар комиссия қарауына жіберілді", – деді ол.
Осы орайда Айбатыр Жұмағұлов үстеме ақылары толық төленбеген медицина мамандарына қалған қаражат алдағы уақытта берілетінін хабарлады.
"Егер сома толық төленбеген болса, қалған қаражат беріледі. Ал артық төлем жасалған болса қаржы жергілікті бюджет немесе медициналық мекемелер бюджетіне қайтарылады", – деді қордың басқарма төрағасы.
Құралай Құдайберген