Қазақ елінің бастауымен, БҰҰ-ның қостауымен ядросыз әлем құруға қадам жасалды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4119

Біріккен ұлттар ұйымы Қазақ елінің жаһандық бастамасын құптап, ядролық қаруға тыйым салуға шешім қабылдады. 

Қазақ елінің бастауымен, БҰҰ-ның қостауымен ядросыз әлем құруға қадам жасалды

7 шілдеде орын алған бұл оқиғаға қатысты Ресей ақпарат құралдары тосын қылық танытып, оның мән-маңызын төмендетуге, беделін түсіруге жанын салуда. Олар ядролық қарудан бас тартуды "популизм" деп бағалады. Ащы-ащы сөздерге барғандары да жетерлік. "Ақырзаман қаруын" қызғыштай қорғаштаған солтүстік көршіміздің бұл қылығы түсінікті де. Бүкіл дамыған әлеммен қатынасы бұзылған Ресей ықтимал соғысқа әзірленуде. "Бұл шешім Ресейді ядролық қалқаннан айыруға бағытталған", – деп ресейлік саясаткерлер мен саясаттанушылардың, сарапшылар мен қаптаған әртүрлі "мамандардың" мерзімді басылым беттерінен, қаптаған телешоулардан байбалам салуы да содан.  

Ал шынында, бұл оқиғаны "тарихи" деп бағалауға болады. БҰҰ штаб-пәтерінде өткен жаһандық үкіметаралық конференцияда "Ядролық қаруға тыйым салу туралы Келісімнің" түпкілікті мәтіні қабылданды. Бұл символдық мәні бар құжатты төрткүл дүниенің әр атырабындағы 122 тәуелсіз мемлекет қолдап, дауыс берді. Жалғыз Нидерланд қарсы дауыстады, Сингапур да жападан-жалғыз қалыс қалды.

Ал ядролық қаруы бар барлық мемлекеттер, сондай-ақ НАТО-ға кіретін ядролық қарусыз бірқатар мемлекет дауыс беруге қатыспады.  

Бұдан бұрын Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан және Солтүстік Корея секілді ядролық арсеналдарының барлығы ресми мойындалған сегіз мемлекет те, бұлардың сыртында жаппай қырып-жою қаруы бар деп болжанатын Израиль да бұл жаһандық келісімнің мәтіні бойынша жұмыс жасаудан бас тартты және тиісінше талқылауға да қатыспады.   

Сонымен, БҰҰ қабылдаған Келісім оған қатысушыларды "ешқашан және ешқандай жағдайда ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды әзірлемеуге, сынақтан өткізбеуге, өндірмеуге, сатып алмауға, иелік етпеуге және жинақтамауға" міндеттейді. Құжат сондай-ақ тәуелсіз мемлекеттерге басқа біреуге қарсы ядролық қару қолдану бойынша қоқан-лоққы көрсетуге де үзілді-кесілді тыйым салады. 

"Ядролық қаруға тыйым салу туралы Келісім" ядролық қарусыздану мәселелері бойынша соңғы жиырма жылда өмірге жолдама алған алғашқы "заңдық күші бар, міндетті құралға" айналып отыр. Ол биылғы 20 қыркүйекке дейін барлық елдердің қол қоюы үшін ашық болады. Келісім оны кем дегенде 50 мемлекет ратификациялағаннан кейін толық күшіне енеді.

Жалпы, біраздан пікірталас туғызған бұл Келісімді дайындау туралы шешімді БҰҰ Бас ассамблеясы 2016 жылғы желтоқсанда қабылдаған еді. Ассамблея құжат мәтінін әлем елдері арасында келісімнен өткізумен айналысатын БҰҰ-ның арнаулы конференциясын шақыру туралы қаулы қабылдады.

Енді сол құжаттың қатысушы елдер қол қойған басты түпнұсқалық нұсқасы БҰҰ бас хатшысының сақтауында болады және оның бүтіндігіне де басымен жауап береді.  

Ядролық қаруы бар елдер бұл құжатты ауыр қабылдағаны байқалады. АҚШ, Ұлыбритания және Франция елшілері жедел түрде Бірлескен мәлімдеме жасады, онда аталған елдер үкіметтерінің "келісімге қол қою, ратификациялау және оған қосылу ниеті жоқтығы", сонымен бірге ядролық қаруға қатысты көзқарастарын еш өзгертпейтіні мәлімделген. Бұған қоса, дамыған осы үш ел өз қауіптерін де білдіреді. Олар "осы арсеналдарымыздан арылсақ, ядролық бағдарламасынан бас тартпайтын өзге қарсыластарымыз, әсіресе Солтүстік Корея басымдыққа ие бола ма?" деп үрейленеді. Дегенмен, Вашингтон, Лондон және Париж әлемде "ядролық қарудың кең таралуына тосқауыл қоюды" жақтайтындарын, сол жолда берік екендерін де нықтайды.

Қалай болғанда, ядролық державалардың қуатты қарсылығына қарамастан, БҰҰ адамзаттың "ядросыз әлем" құру бағытын рәсімдеді.

Мына қызықты қараңыз: бірқатар халықаралық сарапшылар "ядросыз әлем" құру бастамасының авторлығын бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Барак Обамаға телитін. Оған себеп, 2009 жылдың сәуірінде Чехия астанасы Прагада сөз сөйлеген АҚШ-тың сол кездегі президенті Обама мырзаның баяндамасы "ядролық қарудың маңыздылығын біртіндеп төмендету" идеясына құрылған еді.    

Алайда өткен жылы ядролық қарусыз әлем құру бағытында БҰҰ-ның осындай салмақты құжат қабылдауға ден қойғанын білгенде, президенттік мерзімі түгесіліп қалған Барак Обаманың әкімшілігі "АҚШ-тың одақтастары осы келісімге қарсы шығады" деп үміттенетінін білдірді. Демек, ол ядролық державалар қолындағы ядролық арсенал ауқымын бірте-бірте азайтуды жақтағанымен, ядролық қарудан толық азат әлем құруды тіпті қарастырмаған.

Шындап келгенде, "Ядросыз әлем" құру бастамасының авторы Қазақстан және оның көшбасшысы екені әмбеге аян.

"Мұны Қазақстанның жеңісі деп бағалауға да болады. Өйткені Қазақ елі елбасы шешімімен адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қадамға барып, атом қаруынан өз еркімен бас тартты. Осылайша, ХХ ғасыр соңында-ақ ядросыз әлем құру бастамасы арқылы жаһан жұртшылығына ізгіліктің өнегесін көрсетті. Әрине, "Ядролық қаруды таратпау туралы" қолданыстағы келісім тек аралық кезең, жолдағы бір саты болып саналады. Ақырғы көздеген межеміз – ядросыз әлем құру. Ал бұған жету үшін ядролық қаруға бүкіл әлем бойынша жаппай тыйым салу және ол қаруды заңсыз деп тану маңызды", – дейді әскери маман, соғыс ардагері, мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.  

Ол "ядролық соғыста" ешкімнің жеңіске жете алмайтынын және ядролық мемлекеттердің бір-біріне қарсы сол қаһарлы қаруды қолдануы кесірінен адамзаттың жер бетінен жойылып кетуі мүмкіндігін еске салады. Бейбітшілік проблемаларын зерттеу бойынша Стокгольм халықаралық институтының есебі бойынша (SIPRI) тоғыз ядролық мемлекет қазір шамамен 14 935 ядролық оқтұмсыққа ие. Олар іске қосылса, жер планетасынан тек күл ғана қалуы ықтимал. Сондықтан да тығырықтан шығарар тек жалғыз жол бар: ол – ядролық қаруға толық тыйым салу және одан түбегейлі арылу.

Бақытбек Смағұлдың түсіндіруінше, ядролық қаруға тыйым салу туралы "заңдық тұрғыдан міндетті" халықаралық құжаттың қабылдануы адамзатты "ақырзаман қаруынан" арылту жолындағы үлкен серпінге айналуға тиіс. БҰҰ-ның аталған келісімін дүниежүзіндегі елдердің көбі қолдады, сол себепті оны БҰҰ аясында институтизациялау ісі сыйырқұйымшақтанып кетіп, аяқсыз қалмайды.

Осы келісім орындалуы үшін енді Біріккен ұлттар ұйымы бүкіл әлем бойынша ядролық қаруға тыйым салу туралы конференциялардың сериясын бастайды деп болжануда.

Осы орайда мынадай мысал келтіруге болады: осыдан жиырма жылдай бұрын БҰҰ қабылдаған "Химиялық қаруға тыйым салу туралы конвенция" әлемдегі барлық елдердің химиялық қарудан толық бас тартуына әкелді. Ал оны қолданғандар жаһандық деңгейде айыпталады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу