2019 жыл несімен есте қалды

Қаракиік жылы қаралы хабардан басталған болатын. 

2019 жыл несімен есте қалды

2019 жыл да түгесілуге жақын. Қаракиік жылы қазақ үшін оңай болмапты. Қаралы хабарлар мен  шытырман оқиғалармен басталған доңыз жылы тағдыршешті сәттерге де толы болды. "Айдан аман, жылдан есен шығайық" дейтін сөзді үлкендер неге жиі айтатынын қасаңдықтың тоты басып бара жатқан санамызда қайта жаңғыртып кетті бұл жыл. Inbusiness тарих қайнауына сіңіп бара жатқан жылдың 10 негізгі оқиғасына шолу жасайды.

1. Қарағандыдағы қанды оқиға. Көкталдағы өрт

Жыл басталмай жатып Қарағанды қаласында болған қанды оқиға бүкіл елді тіксінтіп кетті. 1 қаңтар күні Қарағандыдағы "Древний Рим" мейрамханасында болған төбелес кезінде жас жігіт көз жұмған еді. Артынша 8 күдікті тұтқындалған. Алайда қазақ жігітінің өліміне тікелей қатысы бар делінген күдіктінің бұл уақытта Ресей аумағына бой тасалап үлгергені туралы ақпарат тарады. "Халық қаласа, хан түйесін сояды" демекші, ақыры көптің талабымен құзырлы орган өкілдері Армения азаматы Н. Гурурянды Ресей аумағында ұстады. Кінәлі шетелдік қолға түскенге дейін бұл оқиға қазақ жастарының ашуын туғызып, Қарағанды облыстық прокуратурасы оқиғаны ұлтаралық қақтығыс деп көрсеткісі келгендер жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылатынын ескертуге мәжбүр болды.  

Халық қанды оқиғадан есін енді жидық па дегенде, ақпанның 3-інен 4-не қараған түні елорда іргесіндегі Сарыарқа ауданына қарасты "Көктал-1" тұрғын алабындағы лашықта болған өрт бір үйдегі 5 қызғалдақтың өмірін жалмады. Бүкіл Қазақстанды теңселткен қаралы оқиға сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың отставкасымен аяқталды.  

2. Президент ауысқан күн

2019 жылдың 19 наурызы тарихта Қазақстан Республикасының алғашқы Президенті өз өкілетін тоқтатқан күн ретінде қалды. Бұл күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көгілдір экран арқылы халыққа үндеу жасап, өзінің Қазақстан Президенті лауазымынан кетіп, Елбасы лауазымына түбегейлі ауысатынын мәлімдеді.  

"Өздеріңіз білесіздер, заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде қызмет ете беремін. "Нұр Отан" партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесімін. Яғни өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді", – деді ол өзінің тарихи мәлімдемесінде.

Заңға сәйкес, Қазақстан Президентінің міндетін сайлауға дейін  Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев атқаруға көшті.  

3. Астанамыз – Нұр-Сұлтан

20 наурыз күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент міндетін атқаруға көшкен Қасым-Жомарт Тоқаев ел астанасының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынған болатын. Түстен кейін Сенат және Мәжіліс депутаттары екінші мәрте бас қосып, аталмыш заң жобасын бірінші және екінші оқылымда мақұлдады.  

Артынша Еліміздің барлық аймағында Назарбаев даңғылы пайда болды.  

4. Кезектен тыс сайлау

Кезектен тыс Президент сайлауы 9 маусымға белгіленіп, Nur Otan партиясының атынан қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті.  

"Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,96% дауысын жинады", – деді ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен. Дауыс саны бойынша 1 495 491  немесе 16,23%-бен екінші орынға Әміржан Қосанов табан тіреді.  Президентті ұлықтау салтанаты 12 маусымда өтті.  

5. Арыстағы апат

Жаз ортасында бүкіл қазақстандықтың назары Арыс қаласына ауды. 24 маусым күні болған әскери қоймадағы жарылыс салдарынан қаланың 45 мың тұрғыны мекендерін тастап шыққан.  Арыстағы апаттың салдарын бүкіл қазақ жұдырықтай жұмыла көтеріп бақты. Жарылыс салдарын жойып, қираған қаланы қалпына келтіру үшін елдегі 17 өңір мен қаладан барған жасақтар шаһарды 17 секторға бөліп, бүлінген үйлер мен нысандарды қара суық түскенше қолданысқа берді. Төтенше жағдайлар комитетінің соңғы деректері бойынша,  апат салдарынан 4 адам қазақ тауып, 400-ден астам тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Оның 82-сі ауруханада емделген. 28 маусым күні арыстықтар қалаға қайтып орала бастады.  Қалада 7,7 мыңнан астам үйге зақым келіп, 49 баспана жермен жексен болған.

6. Әлеуметтік бастамалар

26 маусым күні  Қасым-Жомарт Тоқаев өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың борыш жүктемесін азайту жөніндегі Жарлыққа қол қойды. 

Бұл Жарлық көп кешікпей күшін енді де.  Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков 20 қыркүйекте 507 363 азаматтың екінші деңгейлі банктер мен микрокредиттік ұйымдардағы жалпы құны 105,1 млрд теңгені құрайтын кепілсіз тұтынушылық кредиті кешірілгенін хабарлаған болатын. 263 525 азаматтың 3 млн теңгеге дейінгі кепілсіз тұтынушылық кредиті толық өтелді.

Жыл бойында тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы жанұяға берілетін атаулы әлеуметтік көмек алудың шарттары бірнеше рет өзгертілді. Соңғы шешім бойынша, бұл жәрдемақы көпбалалы отбасыларға тұрмыс жағдайына қарамастан берілетін болып шешілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің соңғы дерегі бойынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 343 мың көпбалалы отбасы ай сайын мемлекеттен 42 500-74 375 теңге аралығында жәрдемақы алатын болады.  

Халықтың әлеуметтік көңіл күйін тұрақтандыру шаралары "Бақытты отбасы" бағдарламасына ұласып, "Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкінің" мәліметі бойынша 3 857 отбасы баспаналы болды.  

7. Көк-Жайлау үшін күрес

29 қазан күні Қасым-Жомарт Тоқаев "Көк-Жайлау" құрылысын ресми түрде тоқтатты.  

"Қайтадан осы мәселеге оралмау үшін нүкте қойғым келеді. Мен "Көк-Жайлауды" салуға тыйым саламын. Ол бізге керек емес! Мен қарсымын. Бұл туралы танымал экологтар да айтуда", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте. 

Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы тау-шаңғы кешенінде 50 километрден асатын шаңғы трассасы, аспалы жолдар, қонақ үйлер, мейрамханалар сынды көптеген нысанды салу жоспарланған болатын. Алайда аталған кешен құрылысына көптеген эколог пен үкіметтік емес ұйым өкілдері қарсы шықты.

8. Алаңдатқан "Астана LRT". Еңбек даулары

Халықтың наразылығына тап болып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткір сынына ұшыраған "Астана LRT" жобасының қытайлық компания алдындағы қарызы ақыры өтелді. Бұл жоба бюджеттің миллиардтаған шығынын қалай ақтайтынын алдағы уақыт көрсетпек.  

"Халықаралық деңгейге жетіп, шетелдік ақпарат құралдарын шулатқан Теңіздегі төбелестің алдын алуға болатын еді". "Атамекен" ҰКП, "Қазэнерджи" қауымдастығы және Petrocouncil-дің қорытынды мәлімдемесінде "Теңіз" кен орнындағы вахталық кентте болған төбелес туралы осындай қорытынды жасалды.  

Тамыз айында Қарағанды облысының Жәйрем кентінде де шетелдік құрылысшылар мен жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болып, 7 адам қамауға алынды.  

Ал Алматы облысындағы қытайлық жұмысшылар мен жергілікті азаматтар арасындағы төбелестен кейін "Талдықорған-Өскемен" бағытындағы жол құрылысына Қытай азаматтарын заңсыз жолмен тартқан "CITIC Construction Co LTD" компаниясы бір жыл бойы сырттан басқа жұмысшы әкелу құқығынан айырылды.  

Кейін "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліпов Қазақстан жолдарында 500-ден астам қытайлық азамат жұмыс істеп жүргенін мәлімдеді.  

Бұл оқиғалардан кейін, ел билігі бірқатар шешімдер мен шаралар қабылдады. 2020 жылы шетелдік жұмысшылар квотасы 49 мыңнан 29-мыңға азайтылмақ.  

Еліміздегі 49 кәсіпорында еңбек ететін шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың жалақысын тексеру барысында 476 заңбұзушылық анықталды.  

9. Сайрагүл салған соқпақпен

Биыл Қазақстан мен Қытайдың шекарасын бұзған этникалық қазақтар туралы 3 дерек ресми мәлім болды. Оның бәрі 2018 жылдың тамызында Қазақстанға қашып өткен Сайрагүл Сауытбайдың ісіндей елдің қызу талқысына түспесе де, қиырдағы қандастардың проблемасына жалпақ жұрттың көңілін оқтын-оқтын бұрғызып отырды. 19 қараша күні бір топ белсенді "Журналистер үйінде" Сайрагүл Сауытбаймен тағдырлас екі қандасымыздың мәселесіне қатысты баспасөз мәслихатын өткізген болатын.  

Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлынан бөлек Бағашар Мәлікұлы, Қайша Ақан есімді Қытай қазақтарының шекара бұзып, Қазақстанға оралғаны бүгінде көпшілікке мәлім.

10. Ұлттық кеңес – жаңа белес

Кезектен тыс Президент сайлауынан кейінгі жылдың маңызды саяси оқиғасы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы болды. 

Қоғамдық пікірге ықпалды деп саналатын 41 белсенді сарапшыдан құралған кеңес бүгінге дейін екі отырысын өткізді. 20 желтоқсан күні өткен екінші отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңес мүшелері ұсынған бірнеше ұсыныстың қалай өмірге енетінін атап өтті.  

Осы отырыста келе жатқан 2020 жылы Қазақстан қоғамын демократияландыруға бағытталған бірнеше елеулі шаралардың іске асатыны мәлім етілді. Оның  нақты өмірде қандай жаңашылдықтарға жол ашатыны келер жылдың еншісіндегі шаруа.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу