Қабан жылы қымбатшылық жылы болды

Inbusiness 2019 жылдың экономикадағы басты оқиғаларына шолу ұсынады.

Қабан жылы қымбатшылық жылы болды Фото: today.kz

"Алдымен экономика, саясат содан кейін". 28 жыл бойы осы ұстаныммен өмір сүрген Қазақстан билігі бағытын өзгертетіндей сыңай танытып отыр. Соған қарамастан, өтіп бара жатқан жыл экономикалық оқиғаларға толы болды.

Теңгенің одан әрі құлдырауы, мұнай бағасының құбылуы импорттық өнімдердің бағасын аспандатса, Қытайда шошқа тұмауының өршуі мен астықты өңірлердегі қуаңшылық өзімізде өндірілетін азық-түлік бағасын көтеріп кетті. Жыл бойында биліктің негізгі күші ел көңілін әлеуметтік бастамалармен аулауға жұмсалғандай көрінді.

Қаңтарда сол кездегі Үкімет сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан сын естіп, ақыры таратылған болатын. Басшысы ауысты демесең, министрлер кабинеті айтарлықтай жаңара қоймады. Сапархан Омаров пен Асхат Аймағамбетовті ғана бұл ортадағы жаңа есімдер деп атауға болатын еді. Әзірге осы екі министрдің аяқ алысы жаман емес. Сапархан Омаров ауыл шаруашылығының тізгінін ұстағалы субсидия  сауып қана табысқа кенеліп жүрген жылпостар айылын жинады деген сөз жүр ел ішінде.

Айта-айта жауыр болған квазимемлекеттік сектор да тәртіпке бағына бастағандай. Жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚазАгро" холдингін қайта құрылымдау арқылы өзгелердің тамырын басып көрмекші. Оның пәрменімен холдинг бірнеше еншілес компаниясын қысқартып, маңызды деген ұйымдарды ғана қалдырды.

"Бұған дейін бізде 7 еншілес компания болды. Соның ішінен "ҚазАгроМаркетинг" деген компанияны жойдық. Қазір "ҚазАгроӨнім" деген компанияны қысқартып жатырмыз. Жыл  аяғына дейін үш компанияны қысқартамыз деп жоспарлағанбыз. Ендігі жылдың бірінші тоқсанында тағы да бір еншілес ұйым жұмысын тоқтатады. Сонда келер жылдың екінші жартысында 3 еншілес компания қалады. Осылайша 1100 қызметкер қысқартылады", – дейді холдинг басшысы Ербол Қарашөкеев

Қытаймен шекаралас аудандарда жер сатылмайды

Жер реформасына жарияланған мораторидің мерзімі 2021 жылы бітетініне қарамастан, Қасым-Жомарт Тоқаев қазірдің өзінде бірнеше нақты қадамға барып отыр. Сайлаудан кейінгі ұлықтау рәсімінде де, халыққа арнаған Жолдауында да "Шетелдіктерге жер сатылмайды" деген уәдесін қайталаудан танбаған болатын. Кейін Қытаймен шекаралас аудандарда жер сатылмайтыны туралы ақпарат тарады. Бұған дейін шетелдік қатысы бар компанияларға беріліп кеткен телімдер қайтадан жаңа талапқа сай рәсімделетін болды. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші жиынында бос жерге ғарыштан мониторинг жүргізуге нұсқау берілді. Осы жиында Президент Үкіметке пайдаланылмай жатқан алқаптарды мәжбүрлі түрде алып қою мерзімін қазіргі 2 жылдан 1 жылға дейін қысқартуды тапсырды. 

Биыл ел диқандары 15,2 млн гектар аумаққа дәнді-дақыл еккен болатын. Күзде қамбаға 19 млн тоннадан сәл асатын астық құйылды. Бұл былтырғыдан 2 млн тоннаға кем. Ауыл шаруашылығы министрлігі мұны кей өңірде құрғақшылық болуымен түсіндірді.

Қуаңшылық демекші, биыл Қостанай өңіріне жұт қаупі төніп, Үкімет өз резервінен 378 млн 603,2 мың теңге бөлуге мәжбүр болды. Оның алдында Арыстағы апаттың салдарын жою үшін Сенат "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті" нақтылайтын жаңа заң қабылдап, Үкімет резерві қосымша 72,9 миллиард теңгеге толыққан. Ол қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарларын жоюға бағытталды

Шетелдік банктерге есік ашылмақ

Асқар Маминнің жетекшілігіндегі Үкімет 2020 жылдың аяғына қарай шетелдік банктердің Қазақстан аумағында филиалдарын ашуға рұқсат беру туралы шешім қабылдады. Бұл елге келетін инвестицияны әртараптандыру үшін жасалатын қадам болуы мүмкін

Жыл соңына қарай Ұлттық банк кейбір функцияларынан босатылды. "Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған  болатын. Оған сәйкес, кредиттік бюроның, сақтандыру брокерінің және бағалы қағаздар нарығы ойыншыларының қызметін тоқтата тұру не оларды лицензиядан айыру туралы шешімді бұдан былай Ұлттық банк емес, басқа ведомство қабылдайтын болады. 

2019 жылы Қазақстан экономикасына жаңадан 40 шетелдік инвестор қаржы салды. Жалпы 11 айдың қорытындысы бойынша 26 елден инвесторлар келген.

Елімізде шетелдік капиталы бар 17 мың компания жұмыс істейді. Дегенмен, тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2011, 2012 және 2018 жылдардан аз. Тәуелсіздік жылдары экономикамызға 120 ел 330 млрд доллар қаржы салған екен. 

Тартылған инвестициялар көлемі бойынша ЕО ($10,1 млрд, 37 жоба), Ресей ($5,4 млрд, 26 жоба), Түркия ($1,6 млрд, 16 жоба), АҚШ ($718 млн, 9 жоба) және Сингапур ($2,1 млрд, 7 жоба) тәрізді елдер көш басында. 

Еуразия экономикалық одақ аясында Қазақстан 9 айда 4,4 млрд доллардың өнімін сатып, 10,3 млрд доллардың өнімін импорттаған. Яғни импорт экспорттан 2,3 есе көп. Одақ ішіндегі импорт пен экспорттың балансы бойынша Қазақстан тек Қырғызстанның алдында тұр.

Индустрияландырудың екінші бесжылдығы да доңыз жылымен түйінделмекші. 2015 жылдан бері өңдеуші кәсіпорындар осы бағдарламаның қолдауымен 43 трлн теңгенің өнімін өндірген. Отандық кәсіпорындар бұл кезеңде 70 млрд доллардың өңделген өнімін экспорттапты.

Жаппай салық декларациясы тағы бір жылға шегерілді

3 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойған болатын. Аталмыш құжат жаппай декларациялауды 2020 жылғы 1 қаңтардан 2021 жылғы 1 қаңтарға жылжытты. Қарапайым халыққа аса ұнай қоймаған бастама осылайша тағы бір жылға шегерілді. Нәтижесінде, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жарлары тегіс декларация тапсыра бастайды. 2023 жылы қаңтардан бастап, олардың қатарына мемлекеттік кәсіпорындар мен бюджеттік сала қызметкерлері – педагогтар, дәрігерлер, мәдениет, спорт және басқа салалар өкілдері қосылады. 2024 жылы бұл науқан барлық бизнесмендерді қамтиды: заңды тұлғалар басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары міндетті түрде декларация тапсырады. Ал 2025 жылы халықтың қалған бөлігі осыған міндеттеледі.

Ал 2020 жылдың 1 қаңтарыннан бастап бизнес нысандарына патентпен жұмыс істеуге тыйым салынады. Яғни, кәсіпкерлер жаппай онлайн бақылау-кассалық аппаратын қолдануға көшеді. Оны қолданбаған және мемлекеттік кірістер комитетіне тіркемеген кәсіпкерлерге 7-25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Жыл бойы жүрген салық рақымшылығы аясында 424 925 жеке тұлғаның өсімпұлы кешірілген  екен

Жыл соңына қарай шағын және микро бизнес 2020 жылдан 2022 жылға дейін корпоративтік табыс, жеке табыс салықтарын, әлеуметтік  және бірыңғай жер салығын төлеуден босатылды. Алайда мұндай жеңілдіктің психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы, акцизделетін өнімді өндіру және көтерме саудада өткізу, астық қабылдау пункттерінде астықты сақтау, лотерея өткізу, ойын бизнесі, радиоактивті материалдар айналымы, банктік қызмет мен е сақтандыру, аудиторлық, бағалы қағаздар нарығы, кредиттік бюро,  күзет, азаматтық және қызметтік қару айналымы,жер қойнауын пайдалану, пайдалы қазбаларды өткізу, көмір, мұнай  және бензин, дизель, мазутты бөлшек саудада өткізу, сыртқы экономикалық қызмет сияқты кәсіппен айналысатындарға қатысы жоқ. 

Экологиялық кодекс тарифтерге әсер етуі мүмкін

Елде ең көп талқыланған заңдардың бірі Экологиялық кодекс болды. Әсіресе өндіріс алпауыттары заңдағы өзгерістерге асқан сақтықпен қарап отыр.

Бірінші санаттағы қоршаған ортаны ластаушы кәсіпорындардың салығын көбейту туралы бастама солардың мүддесін қорғаушылардың сынына жиі ұшырады. Заңдағы жаңашылдық жақпаған кейбір кәсіпорындар мұндай ауыртпашылық тариф көтеруге мәжбүрлеп, ең ақырында қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіреді деген мәндегі бопсаға көшті

Сәуір айында өздерін Қазақстандағы тұңғыш лоукостер деп атайтын FlyArystan ұжымы алғашқы ұшағын Алматы әуежайына қондырды. 

Әуе қатынасының аталмыш түрі ел ішіндегі рейстерді орташа есеппен 45 долларға арзадатады деп күтілген болатын. Дегенмен, өзге әуе компаниялары тегін көрсететін қызметті ақылы еткен FlyArystan ұшу құнын сөз жүзінде ғана төмендетті деп санайтындар көп. Компанияның мәліметіне сенсек, мамыр-қараша аралығында қазақстандықтар 600 мың билет сатып алған

Жыл басында қазақстандықтар қай әуе компаниясының қызметі арзан деген сұраққа бас қатырса, жыл соңында әуеде тасымалдаушылардың қайсысы қауіпсіз деген сауалға еріксіз назар аударды. Нақты айтсақ, 27 желтоқсандағы қайғылы оқиға 2020 жылға жаңа шаруа тауып берді. Келер жылы Президент тапсырмасы бойынша елдегі барлық әуе компанияларының қауіпсіздігі тексеруден өтетін болды. 

Сөз басында мемлекет халықтың көңілін табу үшін басқа шаруаны ысырып қойып, қаржының негізгі бөлігін әлеуметтік бастамаларға бағыттағанын айттық. Ол ел бюджетіне тікелей әсер етті де. Жылдың 11 айында мемлекеттік бюджеттен 12 трлн 352 млрде теңге шығыстарға бөлінген. Ал кіріс көздерінен 8 трлн 514 млрд теңге түскен. 

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу